15.08.2022
  202


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Қара шаңырақ

Тірмін ғой, жарығым бар көретін.
Үйім еді, бір жылда бір келетін.
Әкемменен пікірлесіп отырсам,
Шешем баптап шәйін құйып беретін.
Шаршайды ғой, арасында ұйықтайтын,
Әкешімнің бір сөзінен шықпайын.
Әй кемпір-әй тұрсаңшы деп үн қатса,
Тұра салып мұздай шәйдан ұрттайтын.
Мына шәй да жылып қапты, қазір деп,
Балам жеші, дайындадым мәзір, деп.
Түн ішінде қазы әкеліп турайды,
Ыстық шәйін қайта-қайта әзірлеп.
Әтеш шығар әнге салып таң атса.
Дейді әкем, жамандармен жанаспа.
Түніменен пікірлесіп, сырласып,
Аман саулық тілейді ол, Алашқа.
Сабақ алам, сөзін бөлмей тыңдаймын.
Қамшылаймын, жігерімді шыңдаймын.
Жолға қарап отыратын әкемнің,
Түнде келіп, түн ұйқысын ұрлаймын.
Бір күн қонып, ертесіне кетемін.
Жастық сауық, жасырып не етемін,
Ал енді ше,
Еркелейтін апам жоқ,
Жасқа толар еңіресем етегім.


Ораламын құспен бірге, көктемде.
Бұл жайымды кімдер мендей өткермек.
Аға-әпкеме айтады екен анашым,
Осы бала суық болып кеткен деп.
Әке жайы, бүгін ойлап қиналам.
Анам өтті, маңдайыма сыймаған.
Бір жағынан әкемді ойлап аһ ұрып,
Бір жағынан індетті ойлап қинаған.
Көрдік солай, дүниенің жалғанын.
Жазылып бір кетсе екен, арманым.
Қазына ғой, жаным қатты ауырды,
Көрген кезде сөйлей алмай қалғанын.
Төсек тартып жатып қалды әкем де,
Бауыры да қалған жан ғой жат елде.
Бар кезінде қадірлеп жүр анаңды,
Қадірлеп жүр алтын сандық әкеңді.





Пікір жазу