15.08.2022
130
Сіздегі ессіз құштарлық...
Сіздегі ессіз құштарлық,
Лап еткен сезім емес пе?!
Қайтқан кезіндей құстардың,
Айналар бір күн елеске.
Ұшақтың бағып бағытын,
Күндерді санап отырсыз.
Бұлағын жырдың ағытып,
Өзенге қосып жатырсыз.
Сап-сары күзде көрдіңіз,
Жапырақтардың ішінен.
Жүрген бір жандай келдіңіз,
Мейірім іздеп кісіден.
Сап-сары күз де жылаған,
Сезеді оны жүрегім.
Сырыңыз маған ұнаған,
Ұнаған жанға білемін.
Жырына қосып жұлдызды,
Тырнаның әнін көп тізген.
Көрдің бе, жаным, бір қызды,
Арманмен өмір өткізген.