15.08.2022
  105


Автор: Сәуле Досжанова

Ақыл айтып, ел тыңдар кезіңізде...

Ақыл айтып, ел тыңдар кезіңізде,
Айдай қайдан көріндім көзіңізге.
Қолымнан кеп ұстадың, күліп тұрып,
«Армандауға болмай ма?!», – дедіңіз де.
Арманы жоқ, мұраты таусылғанның,
Жаны іздемес махаббат маусымдарын.
Бес күн тірлік өтетін қас-қағымда,
Жұлдызыңыз жоғары болсын, жаным.
«Тіршіліктен түңіліп, жек көргенде,
Адамдардан аярлық көп көргенде.
Менің мынау беймаза өміріме,
Аяп қарап, сізді Алла жеткерген бе?!»,–
дедіңіз де, бозбала сияқтанып,
Жыр тудырып жүректен, күй ақтарып
Жолдағанда сүйсініп оқып жүрдім,
Менің нәзік жанымды ұят қарып.
Алматыда ойда жоқ жолыққалы-ақ,
Пырағына өлеңнің болып қанат.
Шырағыңыз екенім рас болса,
Менің-дағы арманым шарықтамақ.
Асқақтатып, көтеріп бағамды елден,
Бақ па, сор ма Жаратқан маған берген.
Музаңыз боп тудырсам жауһар жырлар
Қызметім сол білсеңіз шамам келген.





Пікір жазу