15.08.2022
124
Іздедім сені далаға жауған ақ қардан..
Іздедім сені далаға жауған ақ қардан,
Іздедім сені сайраған құсы бақтардан.
Қос ғашық болып соңғы рет сырды ақтарған,
Іздедім сені бір жүрген сол бір шақтардан.
Іздедім сені!
Іздедім сені мөлдіреп жатқан көлдерден,
Қызғалдақ жапқан жазира жазық белдерден.
Сырларын бүккен күйдірген құмы шөлдерден,
Атыңды айттым, қаншама сұрап елдерден.
Іздедім сені!
Іздедім сені, көктемде қайтқан құстардан,
Сан сапарларда мен өзім өткен тұстардан.
Мәжнүндей болып пенделерден де тыс қалғам,
Сонда да алыс ақ көгершіндей ұшты арман,
Іздедім сені!
Іздедім сені, іздегенменен таппадым,
Жабырқап, жалғыз көп болды қалған шақтарым.
Армандап жүрген ақ таңым неге атпадың,
Неге алыс қалды қыдырған бірге бақтарым,
Махаббатым ба жүректе жалғыз сақтарым?
Іздедім сені!