15.08.2022
  126


Автор: Сәуле Досжанова

Өн бойымда тамырлармен аққан қанның солқылын...

Өн бойымда тамырлармен аққан қанның солқылын,
Сезіп тұрып, сағынышпен, жүрегіммен толқыдым.
Хан Тәңірі баурайында туған көркем елігім,
Неге жар боп бұйырмадың, болмадың сен серігім.
Зарым дедім, барым дедім содан басқа білмедім,
Есіме алсам жанды жеді бөлектігі іргенің.
Өмір сүріп сар даладан ескен ескі сарынмен.
Сені сүйдім жүрегіммен, болмысыммен, жаныммен,
Жалғыздықтан, сатқындықтан, қатты қажып, жерідім.
Сен болмасаң саралайды, бағалайды мені кім.
Аппақ жүзді, қызыл ерін, қара шашы шашылған,
Алатаудың баурайында қызғалдағым ашылған.
Қаршадайдан көзге түскен ақын қыз ең, дарын ең,
Жырақтан-ақ өміріме маздап жанған жалын ең.
Жазған жыры жеткен сырдай сонау көне ғасырдан,
Сырым едің, жырым едің кітап болып басылған...





Пікір жазу