15.08.2022
128
Жаңа ғана естісем де даусыңды...
Жаңа ғана естісем де даусыңды,
Қайта аңсадым, дегбірім де таусылды.
Кімдер қалай қабылдайды, бәрібір,
Басымдағы таңғажайып маусымды.
Мына шексіз сағыныштан сенделіп,
Мен жуықта кете алмаспын емделіп.
Ұйқы қашты, арып кеттім, болмас-ау
Қолға алмасаң Мәжнүніңді Сен келіп.
Тентіреттің, тыныштықтан айырдың,
Кебін кидім, Фирдоусидей шайырдың.
Бұл өмірден суып кеткен көңілді,
Сенің ғана атыңды атап қайырдым.
«Қияли боп кетті», – деген осы ма?
Көрген жандар қарайтындай шошына.
Сенен басқа тіршілікті ұмытқан,
Рахымыңды түсіргейсің досыңа.