15.08.2022
100
«Сәлем!», – дедің, неге суық сәлемің?
«Сәлем!», – дедің, неге суық сәлемің?
Жарқылдаған, аңқылдаған жан едің.
Үніңдегі ызғар мені тоңдырып,
Ойран-топан болды ішкі әлемім.
Жайсыз хабар естідің бе, жарығым?
Сыр жасырып, неге сонша налыдың?
Күйіп-жанып сағынышпен отыр ем,
Мұздай болып жүрегімді қарыдың.
Мен жайында көңіліңді қалдырып,
Үзілді ме ақылдым-ау таңғы үміт.
«Не жазығы бар?», – деп бір сәт ойлашы,
Сені ессіз сүйген жанның мәңгілік.
Туған жерге қаққанменен қазықты,
Алыс елде күн кешуді жазыпты.
Неге суық сәлемдестің сен бүгін,
Бәлкім сені сүйген жүрек жазықты.