15.08.2022
  109


Автор: Сәуле Досжанова

Жұлдызымыз қиыспай зарықтырдың...

Жұлдызымыз қиыспай зарықтырдың,
Тағдыр кештеу әйтеуір жолықтырдым.
Кездескенде сен неге қысыласың,
Осылай мені кейде тарықтырдың.
Жұлдызымыз аспанда табысқанда,
Біз жүрдік табыса алмай таныс маңда.
Өзіңе апаратын жүрек жолы,
Маған алыс болғаны-ай ғарыштан да.
Көріп тұрып бірақ-та жете алмаймыз,
Кедергі көп содан да өте алмаймыз.
Мені қанша сен кері итергенмен,
Бірімізден біріміз кете алмаймыз.
Сыр жасырып кей сәтте мөлдір көзің,
Ойландырар мені де айтқан сөзің.
Сонша жылдар бір сөнбей келіп еді,
Бала кезде оянған сол бір сезім.
«Әр адамның аспанда жұлдызы бар»,
Жар болуға лайық бір қызы бар.
Адамбыз ғой біз деген, пенде түгіл,
Жел тұрып бұлт айдаса күн бұзылар...
Сол бір сезім уақытпен жарысты ма,
Жұлдызымыз аспанда табысты ма.
Жерде жүрген екеуміз түсіністік,
Жақындатып айшылық алысты да.





Пікір жазу