Бозбаладайын ғашықпын саған, ессізбін...
Бозбаладайын ғашықпын саған, ессізбін,
Ессіздің халін қалқам-ау, неге кешкіздің.
Сағыныштарын арқалап отыз бес күздің,
Шешілмейтұғын жұмбақты қалай шешкіздің.
Аяулым менің, мен үшін туған анадан,
Өзіңе жазған әлемге әнім тараған.
Жарқылдап өзің жанынан өте шыққанда,
Еркектер түгіл, әйелдер тоқтап қараған.
Сүйген жан сені аспандағы Айға балайды,
Өзіңе жазған жырларым елге тарайды.
Қап-қара түнде ақ жастықтарды құшақтап,
Елесіңменен өткіздім сан жыл, сан айды.
Бала махаббат жүректе қалды алау боп,
Бұрылып артқа пендеге қалқам қарау жоқ.
Жүрегінде иман, көзінде нұры бар ару,
Жүрсе ғой деп ем жаныма менің жалау боп.
Аяулым менің, мен барда енді босама,
Күресу керек, болмаса бақыт тоса ма?!
Разымын жаным, осы күнге де мың тәуба,
Өзіңді көріп жүрсем де мейлі тасада.
Қаршадай кезде кедескен сәтте-ақ ұнадың,
Сағынған кезде сөз таба алмай тұрамын.
Отыз жылдан соң алдыңа келіп құладым,
Сырымды тыңдап, тіл қата алмай жыладың....