meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  15.08.2022
  138


Автор: Сәуле Досжанова

Біреуге кетіп жатса есең...

Біреуге кетіп жатса есең,
Біреуге кетті үлесің.
Біреулер сырттай ор қазып жүргенін тағы білесің.
Бірақ та соған таласып, жағадан алып жармаспай,
«Джакондаға» ұқсап құпия жымиып қана жүресің.
Біреулер сөзбен қыршиды,
Біреулер көзбен атады.
Біреулер тіпті жолыңа шеңгел де қадап жатады.
Бірақ та соның біріне шыбын шаққандай қарамай,
Өзіңмен өзің жүруші-ең, ешкіммен болмай шатағың.
Біреулер арнап анекдот,
Біреулер өсек боратып.
Біреулер өзі бата алмай, күшіктеріне талатып,
Жатса да маңғаз қалпыңда жылына кітап шығардың,
Қызғаныштарын туғызып, шабыт тұлпарыңды жаратып.
Біреулер сатып сыртыңнан,
Біреулер алдап жүретін.
Біреулер тіпті өзінше әпенді санап, күлетін
Бірақ та соның бірін де мін тұтпай асыл тұлғаңа,
Өзіңмен өзің болушы-ең, әр істің тауып ретін.
Сен шыққан асқар биікке,
Біреулер жетпей күйіп тек,
Зауал да жолдап байқады, жаратушыға киіп кеп.
Бірақ та соның барлығы сағыңды сенің сындырмай,
Тоқтады ұлы жүрегің ұлтыңды ғана сүйіп тек.





Пікір жазу