15.08.2022
  444


Автор: Сәуле Досжанова

Көріп көңіл айтады кез келгендер...

Көріп көңіл айтады кез келгендер,
Келіп көңіл айтады көз көргендер.
Бәрі сені еске алып есіркейді,
Таңырқап сәт сағатың тез келгенге.
Кітабыңның қисапсыз оқырманы,
Хабарласып, хат жазып жатыр әлі.
Адам түгіл өсірген күшігің де,
Сені күтіп қақпада отырады.
Немере де, бала да сағынады,
Қайтеді енді тағдырға бағынады.
Сүйген жарың сен үшін Жаратқанға
«Қателігін кешір!» деп жалынады.
Сен кеткелі таң атса, күн батпайды,
Бір сағыныш жанымды құндақтайды.
Сенің бейнең жымиып жылы ғана
Көз алдыма тұрып ап, тіл қатпайды.





Пікір жазу