15.08.2022
  128


Автор: Сәуле Досжанова

ҚАЙЫҢДАР, МЕН ЖӘНЕ КҮЗ

Сары жібек көйлек киген қайыңдар,
Сағыныштан сендерге айтар ойым бар.
Сары күзде сүйгенімді тауып ем,
Сары күзде айрылысқан жайым бар.
Ақ балтырлы, ақ қайыңдай тербелген,
Әсем едім көз тартатын көргеннен.
Таңғажайып алуан түсті сол күзде,
Таңғажайып сезім келді желдермен.
Жаңбырлы еді табыстырған сол бір күз,
Жан жүрегі – жол түспеген жалғыз құз.
Таңғажайып сол жігітті қолтықтап,
Басы айналып қыдыратын мөлдір қыз.
Махаббаттан дүниені ұмытып,
Шапағатпен қос жүректі жылытып.
Жүргенімде быт-шыт болды тағдырым,
Күз таңындай қырау басып, суытып...
Бақытты едім, қайғы қайдан сап етті,
Күз әкелген шаттықты күз әкетті.
Ақ қайыңдай майыссам да шыдадым,
Қасіретке қара нардай қатепті....





Пікір жазу