15.08.2022
123
ТАҒДЫРЫҢА ЖАРЫҚ СӘУЛЕ БОЛДЫМ БА?!
Тіршіліктен шаршадың ба, талдың ба?
Қара түнек көрінді ме алдыңда?
Есең кетіп,
есеңгіреп жүргенде,
Тұңғиықтан сені тартып алдым да,
Тағдырыңа жарық сәуле болдым ба?!
Жапан түзде қалғаныңды көрді ме,
Тасқа жазған арманыңды көрді ме.
Алатаудың ерке елігі кездесіп,
Арыстандай болған саған ерді де,
Алла солай тілеуіңді берді ме!
Жүрегіңе жыр құсы боп қондым ба,
Шаршағанда жанға қуат болдым ба,
Өмірдегі өкпелерді ұмытып,
Шаттығымнан шалқар шабыт алдың ба?
Қылшылдаған жігіттей боп қалдың ба!