15.08.2022
153
ҰМЫТ МЕНІ
Ұмыт мені, қайрылмайтын шығармын.
Суып көңіл, біржолата тынармын.
Суытты өмір біздер жаққан ошақты,
Төбемізден төнді-дағы шұбар күн.
Ұмыт мені, уақыт емші бәріне,
Ұрындық па махаббаттың кәріне.
Қос ішектей егіз едік – үзілдік,
Басқа бақыт бар шығар деп әлі де.
Ұмыт мені, кінәлама ешкімді.
Адам қонақ мына өмірге бес күнгі.
Сол күндерде бұйырмаса бір жүру,
Кей пенделер жар қадірін кеш білді.
Ұмыт мені, біржолата ұмытқын,
Сен әлсізі болып шықтың жігіттің.
Сенің суық сөздеріңнен түңіліп,
Сенің суық көздеріңнен сыр ұқтым...