КӨБЕЙ, ҚАЗАҚ
«...Қазақстан қартайып бара жатыр...», –
Астарында бұл сөздің нала жатыр.
Ұзақ өмір сүргенге кінәлідей,
Кемпір-шалдың жастарын санап отыр.
«Көбейіпті шал-кемпір елімізде,
Шығып алып қарттар бұл төрімізге.
Зейнетақы алады үйде»- дейді,
Жаңалықтай жазады соны бізге.
Ағайынның айналған асқарына,
Жол көрсетер өрімдей жастарына.
Қарияны көп көріп көш бастаған,
Қара басқыр жамандық бастады ма?!
Қартаймайтын сияқты өздері де,
Не көрінді, бәтшағар, көздеріне!
Қариясы бар үйде – қазына бар.
Санақшының налыдым сөздеріне.
Білгіштерден үлгі алып батыстағы,
Жүрген шығар біреулер шатысқалы.
Жапондарда аңыз бар,
«Баяғыда,
Көп көріпті қарттарды ат ұстары.
«Атауын» сап кішкентай қалтасына,
Қариясын көтеріп арқасына.
Тауға апарып тастайтын болған екен,
Жем болсын», – деп құзғынның ортасына.
Жаман дәстүр қанатын кең жайыпты,
Қарттығынан таба алмай өңге айыпты,
Тастай беріп тау жаққа,
ел ішінде,
Жөн білетін адамдар азайыпты.
Жау шапқанда қасқайып қол бастайтын,
Жасырынар халыққа жол бастайтын.
Қарт қалмапты,
шулаған қатын-бала,
Пана тұтып, дұшпаннан қорғаштайтын.
Табиғаттың ашулы дауылына,
Қуаңшылық немесе жауынына.
Жол көрсетіп,
білгенін үйрететін,
Қарт қалмапты жапонның қауымында.
Дұшпандары қырыпты «тамашалап»,
Ұлардайын шулапты бала-шаға.
Қара күшпен еркектер жеңе алмапты,
Айла ете алмай хайуандар таласа да.
Білек күші,
жастықтың қызуы да,
Жол көрсете алмапты бұзығына.
Жапондықтар қарттарды мойындапты,
Жөн көрсетер өмірде қыз-ұлына.
Қартын құзғын,
жастарын жау қырыпты,
Аралдарда безіпті,
қаңғырыпты.
Ғасыр өте «түсініп күнәларын»,
Жапондықтар қарттарын қалдырыпты.
Қарттарының алдына жүгінгелі,
Жапондықтар жүз жасап бүгіндері.
Қариялы ел болып қазыналы,
Дәулеттеніп кетіпті ту ілгері.
Кімдер екен көп көрген қарияны,
Данышпанды, өмірлік дарияны.
Қарашаңырақ жанынан қада қағып,
Отау етіп шағарған әр ұяны.
Көп көрмеңдер,
көңілін тонамаңдар,
Зейнетақы бердік деп санамаңдар.
Бар өмірін Отан мен балаға арнап,
Жүргендердің еңбегін бағалаңдар.
«Қазақстан қартайып кетеді», – деп,
Батыстағы санақтың жетегіне.
Байбаламдап отырмай,
ойланыңдар,
Бір күн қарттық бізге де жетеді деп.
Еліміздің тілесек жасарғанын,
Көп көрмейік,
қартайған «осалдарын».
Көктемдейін жаңартқан дүниені –
Сәби болсын қазақтың бас арманы.
Келін біткен қуантып әр отбасын,
Сәбилерге бақыт кеп қонақтасын.
Көбейейік,
қазағым, көбейейік,
Өсіп-өнсін деп бізді жаратқасын.
Бір-бір сәби көтеріп арқасына,
Қариялар жарасып ортасына.
Көбейейік,
қазағым, Батыраштың,
Тамырымыз ұрынбай балтасына.
«Қазақстан көбейіп бара жатыр», –
деп күйінер көршілер қара да тұр.
Көбейейік,
қазағым, елу жылда,
Елу миллион боламыз, қара да тұр.