15.08.2022
  248


Автор: Сәуле Досжанова

ҚАРАШАҢЫРАҚ

Анаңыз отыр төрінде,
айдынды шалқар көлге ұқсап,
Ағайын-туыс жұртына
ашып бір тастап мол құшақ.
Ерінен қалған отанның күзетіп бейбіт өмірін,
«Биліктің дейді тізгінін келінге берер келді шақ».
Атадан қалған бұл үйді,
мейріммен анаң тербетіп,
Ұлдары басып әке орнын,
немерелері ержетіп.
Жабылмай емен есігі,
төрінен қонақ үзілмей,
Қуаныштарын тойлайды,
дастарқан жайып көлдетіп.
Қыздарға – төркін,
ұлға – ұя әкеден қалған шаңырақ,
Сағынып келіп табысар,
балалығыменен жамырап.
Періште жүрер бұл үйде,
орындау үшін асығып,
Аузынан шыққан қарттардың ақ баталарын қағып ап.
Әкенің үйі – береке,
әкенің үйі – хан сарай,
Бауырында өскен баланы
аңсатар исі аршадай.
Жолыңды бағып жүреді сүйікті анаң ханшадай,
Тазаланып бір қалады сырласып алса жансарай.





Пікір жазу