15.08.2022
  115


Автор: Сәуле Досжанова

УАҚЫТ ЖЫРЫ

Шолпан туды жетекке алып ақ таңды,
Жұлдыз ақты, соңғы сырын ақтарды.
Күншығыстан жамыраған нұр сәуле,
Жер бетіне сүйіншілеп аттанды.
Аттанды да жарық етіп аспанды,
Жаңа бір күн жер бетінде басталды.
Адам біткен ұмтылды да үмітпен,
Үгіп жатты уақыт атты тастарды.
Бір күн солай үгітіліп, құм болды,
Күн батты да, қайта тағы түн болды.
Жұлдыз туып, бір жұлдыздар жатты ағып,
Талқандары түнде біткен кім болды?
Шолпан туып,
жұлдыз ағып, арбасып,
Түндер күнге,
айлар жылға жалғасып,
Миллиардтаған тағдырларды сапырып,
Өмір шіркін өтіп жатыр алмасып.
Ата берсін,
уа адамдар ақ таңың,
Гүлге толсын,
Құс сайраған бақтарың.
Тіршілікпен аңғармай да қаламыз,
Өмір шіркін өтіп бара жатқанын.





Пікір жазу