15.08.2022
  115


Автор: Сәуле Досжанова

БІЗ ӨСКЕН ҮЙ

Біз өскен үй –
балалық дәурен шалқыған,
Әкемнің тері,
Анамның сүті аңқыған.
Жыл сайын келіп төріңде аунап жатамын,
Бақыттан балқып жан-дүниемді шарпыған.
Біз өскен үй –
жүрекке, жанға тым ыстық,
Ішіне тұнған қуаныш, бақыт, ырыс-құт.
Ауласы анау – балалық шақтың мекені,
Ертегідей бір ғажайып жұмбақ тыныштық.
Біз өскен үй –
балаға берген жан отын,
Маңдайшасына қарлығаш ұя салатын,
Қасиетті ордам сағынып, аңсап жетеміз,
Балапандарың алыстан самғап қанатын.
Біз өскен үй –
балалық дәурен жұмағы,
Көңілден ешбір өшпейді сәуле – шырағы.
Қайран сол күндер қаншаға жасың келсе де,
Сағыныш болып, жаныңды баурап тұрады.
Біз өскен үй –
атамнан қалған шаңырақ,
Біздер кеткенмен арманды қуып жамырап,
Жалауын жықпай, жұлдызын жағып әулеттің
Қарсы алар дәйім ата-анаңдай жадырап.





Пікір жазу