15.08.2022
123
ЫМЫРТТАҒЫ МАХАББАТ
«Күндей күліп, жанды ерітіп жанарың
Қарлығаштай ұшып келдің, қарағым.
Жөн сұрасам, ұяла тіл қатқаның,
Шипасындай болды-ау ескі жараның.
Орта жолда сыңарынан айрылған,
Сұңқар едім,
қанатынан қайрылған.
Жалғыздықтан жаһан шарлап жүрсем де,
Сендей жанды көрмеп едім, ой-қырдан.
Қарлығаштай ұя салып үйіме,
Пана болып,
жарымкөңіл күйіме,
Жас ұлғайып,
жан жабырқап жүргенде
Жаратқанның маған берген сыйы ма ең.
Айналайын,
мінезіңнен жібектей,
Жақсы жанды қалай тұрам жыр етпей.
Көңілімді тау басына шығарып,
Өміріме шырақ болдың түнектей.
Тіршілікке қарағанда жабыға,
Жаз әкелдің, менің суық жаныма.
Нұрсәулеңді төгіп,
ұзақ жүре бер,
Ымырттағы ғашық болған шағыма...».