ДОСТЫҢ ТАНДЫР ТОҚАШЫ
Сазын салар Қашғардағы ескі әннің,
Ұйғырлардың ортасында өскенмін.
Таңданбаңыз, жүрсе өрнегі олардың
Арасында менің өлең-кестемнің.
Ас-ауқатпен берген жанның ләззатын,
Диқан болып жердің түбін қазатын.
«Ұйғыр» деген ағайын бар еңбекқор,
Күншығыстан жағып жүрген өз отын.
«Назгумы» - ұрпаққа айтқан сыр-дастан,
Мұқамдары – тарихынан сыр ашқан.
Тәуелсіз ел бола алмаған халықтың,
Махаббаты қасіретке ұласқан.
Бойжеткені «Тарым қызын» билеген,
Ержеткені тас, темірді илеген.
«Ұйғыр» деген ағайынның тілі бай,
Ұнатпаса лақамымен түйреген.
Қазақшасы басқа ұлттарды ұтады,
Домбырамның бауырындай дутары.
«Ұйғыр» деген бағбан халық бабадан,
Жанға рахат бақтарының жұпары.
Ортасында осы ғажап халықтың,
Туылдым да, көп өнеге алыппын.
Шамшырақтай жарқырадым демейін,
Балауыздай оңашада жаныппын.
Жарығымды көңіліне түсіріп,
Бала досқа жыр арнап ем, түсініп
Сәлемдеме жіберіпті «елден» деп,
Маған арнап тандыр тоқаш пісіріп.