15.08.2022
  117


Автор: Сәуле Досжанова

АЗАЛИЯ ГҮЛІ

Алқызыл гүл албырап,
Қыш ыдыста тұр өсіп.
Күн нұрымен ал бірақ,
Өледі екен күресіп.
Алқызыл гүл әлемі
Көлеңкеде өседі.
Махаббаттың әлегі
Күннен қуған деседі.
Дат елінде ертеде
Бір ару қыз бар екен.
Сүйіп алған өртене
Жауынгердің жары екен.
Елін қорғап есіл ер
Сапқа еріп кетеді.
Жар қапты ұрпақ өсірер
Жасқа толып етегі.
Перзент болмай арада,
Гүл баптапты жас ару.
Үйге кірмей далада
Жарын күтіп қасарып.
Таласқандай күнменен
Шығады екен жол бағып.
Сырласады гүлменен
Әрбір шоғын қолға алып.
Үзіп алып бір талын
Қолаң шашқа тағады.
Есіне алып жас жарын
Жылап-жылап алады.
Күні бойы күн өтіп,
Гүлді алқапта жүреді.
Сағынышын үдетіп,
Жас жүрегін тіледі.
Еш хабарсыз қосағы
Сол кеткеннен мол кетті.
Сонда да адал тосады,
Гүлге бөлеп жер-көкті.
Күн өтті ме басынан,
Байғұс әйел жүдеді.
Жидіп түсіп шашы да,
Жиі соқты жүрегі.
Күннен күнге солықты,
Ғазиз әйел көз өтіп .
Жауынгер де жорықтан
Келе қоймай тездетіп.
Жолын тосып жарының
Аптапта күн өтіпті.
Сақтап адал қалыбын
Әйел өліп кетіпті.
Баптайтұғын болмай жан
Алқап қапты қурай боп...
Жауынгер де шалғайдан
Оралыпты қудай боп.
Сүйген жардан кешегі,
Қурайлы алқап қалыпты.
Байғұс жігіт деседі
Гүл алқапта талыпты.
Есін жиып ертесі
Жан-жағына қараса,
Құдды бардай еркесі,
Гүлдепті алқап тамаша!
Жауынгердің жан-жағы
Гүл бопты жел шайқаған.
Азалия- жан жары,
Оралмапты қайтадан.
Содан бері ел гүлді
«АЗАЛИЯ» атапты.
Көлеңкеде ол гүлдеп,
Сүймейді екен аптапты.
Азалия!
Тамаша!
Аты қандай әдемі.
Жырға қостық таласа,
Жанды баурап әлемі.
... Ұландарым кекілді,
Тағдыр жолы тар ма едің,
Азалия секілді,
Сіңлілерім бар менің.





Пікір жазу