15.08.2022
  275


Автор: Сәуле Досжанова

БАЛДӘУРЕНДІ ЕСКЕ АЛУ

«Сені көріп қуанып қалдым» дедің,
«Балдәуренді есіме алдым» дедің.
Айналсоқтап үйімді шықпаушы едің,
Айналдырып басыңды балғын лебім.
Алатаудың баурында – сол аулыңда,
Қалың қыздан мен болып қалаулың да,
Ат сабылтып қаладан келуші едің,
Он алтымда әлі «үйде қамаулымда».
Қатал ұстап отбасы «ережесін»,
Күзетумен үйдің төрт керегесін.
Сезуші едім,
сен сыртта жүргеніңді
Күзетумен бөлмемнің терезесін.
Күндіз барсам өзенге су алуға,
Бөленгендей шашылған шуағыма.
Қалқасынан жеңгемнің бас изесіп,
Үлгермей де қалушы ек қуануға.
Алматыдан келгенде алып-ұшып,
Көрісе де алмаушы ек сағынысып.
Айына бір жеткенде сезіміміз,
Хат арқылы жататын сабылысып.
Он алтыда,
қызғалдақ сияқты едім,
Үлбіреген нәзік те, ұятты едім.
Өзім түгіл, көзіммен кездескенге,
Мәз болатын сен қандай тұрақты едің.
Содан көшіп ата-анам басқа өңірге,
Мені әкетті өзіңнен басқа өмірге.
Хабар-ошар үзілді арамызда,
Әлде бір ой келді ме жас көңілге...
Жол ұстадың әскери қызметпен,
Арадағы сезімді үзіп, өткен.
Кете бардың мен түгіл ауылыңның
Шақырмапты сағынтып күзі, көктем.
Ширек ғасыр тіршілік биігінде,
Сезіне алмай сағыныш күйігін де.
Жүргенімде кездестік Сарыарқада,
Адасқан бетпақтың қос киігіндей.
Ешбір сезім қалмапты арамызда,
(Ұқсамадым сірә, сол дара қызға).
Балдәуренде туған бал махаббатты,
Өлтірді ме қу тірлік санамызда.





Пікір жазу