БАҚЫТ ЖАЙЛЫ
Бақыт деген не құдірет, Жаратқан,
Адамзатты қас-қабаққа қаратқан.
Бармақтайы сол шіркіннің о, тоба,
Үлкен дейді таудай болған талаптан.
Ақылды да,
ақымақ та үмітін,
Соған артып тілейді екен күні-түн.
Тарыдайын бағы болса басында,
Ел билейді есер деген жігітің.
Адам біткен Жер бетінің қонағы,
Бақыт іздеп ойды, қырды шолады.
«Тарыдайын тауып алса Күлше қыз,
Тақта отырған патшаға жар болады», –
Деп бір қиял билеп алып сананы,
Іздегенмен ол да таңдап қонады.
Бақыт деген ғұмыр емес ас та төк,
Тек бақытты сәттер ғана болады.
Бақыт деген кереметті қарашы,
Дүние, байлық, денсаулықпен таласып.
Бір шаңырақ астында да жүреді,
Әке-Ана-Бала болып жарасып.
Оған теңеу тұрмайды бір қалыпта,
Ол келсе де адам разы болып па?!
Бақыт деген Жерді шарлап жүреді,
Бейбіт өмір, тыныш Отан болып та...