15.08.2022
  105


Автор: Сәуле Досжанова

ШІЛДЕ

Үйіріп бұлтты,
түнеріп алып аспаны,
Астана биыл жауыннан көзін ашпады.
Күн нұрын төгіп жылт ете түссе-ақ артынша
Ақ жауын құйып, қаланы жуып тастады.
Ағаштар жылап,
күлтесі гүлдің ашылмай,
Соғады жел кеп, екпіндеп алып басылмай.
Қалалықтарға көктемнің жыры таусылмай,
Биылғы жаз бұл ұзақтау болды ғасырдай.
Табиғат мұнша бүлінді неге кім білген,
Экология ма
бұзылып, бәрін бүлдірген?
Зымырандар ма,
жеті қат көкті қақ жарып,
Марс пен Айға адам табанын ілдірген.
Ақпанда былтыр ағаштар кеткен бүр жарып,
Шілдеде міне, бадана бұршақ тұр жауып.
Метреологтар жаңылып жатыр болжаудан,
Шіліңгір шілде қабағын ашпай «нұр жауып».
Тоқтамай аспан осынша кімді жоқтады,
Не болып кетті,
шілденің қайда аптабы.
Көңлім де менің Астанаға ұқсап су болып,
Жабырқап жүргем, сағыныш қана сақтады.
Астана жақта,
Күнінде мына шілденің,
Іздедім шығып, даланың қызыл гүлдерін.
Көшеде жалғыз қиялмен жүріп сені іздеп,
Кімдерден барып сұрарымды да білмедім....





Пікір жазу