15.08.2022
  276


Автор: Сәуле Досжанова

АЛМАТЫНЫҢ АЛМАСЫ

Тамашалап қызыл күннің батқанын,
Күзгі бақта жалғыз келе жатқамын.
Көзім түсті әсем,
қызыл алмаға,
Жапырақтың арасынан қап-қалың.
Қызыл алма сағағында салбырап,
Күн сияқты нұрланады албырап.
Мен де бір сәт үнсіз қарап қалыппын,
Жүрегімді тыңдағандай болды бақ.
Таңданысым жеңіп, сәттік сезімді
Қызыл алма қызықтырды көзімді.
Бір секіріп үзіп алдым алманы,
Ерке қыздай сезіндім де өзімді.
Үзілгенде қалды ма екен тал жылап,
Асылынан айрылғандай болды бақ.
Жердің нәрі,
күннің нұры өсірген,
Алма тұрды алақанда албырап.
Хош иісі аңқып қоя бергенде,
Бір сағыныш кетті оянып кеудемде.
Баяғыда алмалардың сол иісі,
Қарсы алатын Алматыға келгенде.
Алатаудың самалымен қаланы
Сол хош иіс орап,
баурап алады.
Қонақтардың ашылатын келгеннен
Алматының аппортына араны.
Бұл қаланың болған аты Алмалық,
Қойған екен алмасына арналып.
Көшесінде тістеп бара жатыпты,
Әр тұрғыны қолына бір алма алып.
Өздерімен сапарларға алыпты,
Сәлемге деп қоржынға да салыпты.
Таудан желмен таралыпты хош иіс,
Жазғы кеште ынтызар ғып халықты.
Алма иісінен оянатын таңда да,
Балдай дәмі таралатын қанға да.
Алматының хош иісті аппортын,
Шет елдіктер қолға алатын таңдана.
Аппорттары сәні болған тойлардың,
Азайғанын уайымдап, ойға алдым!
Беу, Алматым , туған өлкем аяулы,
Алмаңнан да, өзіңнен де айналдым.
Алатаудың баурайында жаралып,
Даңқы кеткен дүниеге таралып.
Алматының төлбелгісі сияқты,
Аппортында бір қасиет бары анық.





Пікір жазу