15.08.2022
  255


Автор: Сәуле Досжанова

ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ

Тәуелсіздік!
Қастерлім, қасиеттім,
Құдіреттім алдында бас иетін.
Бабаларым жолыңда болды құрбан,
Бодандықтың тартқанда қасіретін.
Арқа еті арша боп аналарым,
Етігімен су кешіп бабаларым.
Сені іздеген ғасырлар қойнауынан,
Уақыттардың тасы егеп тағаларын.
Өзіңді аңсап төкті де жалын жырды,
Бәрін сенің жолыңа бағындырды.
Еңку-еңку ерлерге жер шалдырып,
Сенің келер күндерің сағындырды.
Біздер жеттік сол күткен азат күнге,
Елі – бай, жері – жұмақ ғажап күнге.
Бүгін жүрміз әлемге таныстырып,
«Ер түріктің ұрпағы – қазақпын!», – деп.
Арғы-бергі тарихқа өші кетіп
Жазғандарын тастардан шешіп, оқып.
Біздер жүрміз бабалар арқасында,
Тәуелсіздік өзіңді бесік етіп.
Сеніменен сілкінді санамыз деп,
Сен дегенде лапылдап жанамыз кеп.
Қаншама жұрт әлемде күрсініп жүр,
«Тәуелсіздік қайткенде аламыз», – деп.
Жүздеген ұлт достығы жарасқанда,
Нұрлы бір жол көрсеттік адасқанға.
Елорда сап Есілдің жағасына,
Көк байрақты көтердік көк аспанға.
Қанды кезді халқымыз көп көргесін,
Осы бақты Жаратқан көп көрмесін.
Қадіріңді білместер бар да шығар,
Қан төгіссіз өзіңді жеткергесін.
Әрбір үйдің бақытын жандырып кеп,
Отаныма атсын әр таң күліп кеп.
Бабаларым жолында болған құрбан,
«Азаттығым жасай бер мәңгілік!» деп.
Мен жырлайын әр сәтін тыныштықтың,
Достықтың, татулықтың, туыстықтың.
Бостандығым тербеліп бесігіңде,
Қайнатайық қазанын ырыс-құттың.
Тәуелсіздік,
Қастерлім, қасиеттім,
Құдіреттім, тәу етіп, бас иетін.
Сен дегенде бәрінен баз кешемін,
Бабалардың орындап өсиетін.





Пікір жазу