15.08.2022
  111


Автор: Сәуле Досжанова

АСТАНАДА ТУҒАН АЙ

Туған Ай Астанама,
Қарайды қияқтанып.
Бойжеткен жас қалама,
Ғашық жан сияқты анық.
Ай көрдім, аман көрдім.
Туыпты тік қадалып,
Айшуақ заман жердің
Өзегін құтқа малып.
Ескі айда есіркедің,
Жаңа айда жарыт, Құдай!
Тілеудің өсір кемін,
Жан-басқа ғаріп қымай.
Ай көрдім, нұрын төгіп
Қарайды жердегіге.
Жаратқан, жырым төгіп,
Тәубе еттім, бергеніңе.
Жарықтық шалқаламай,
Туғаның дұрыс шығар.
Ақ бұлтты қалқаламай,
Тұрғаның ырыс шығар.
Ай көрдім, аман көрдім.
Алтыннан құйылғандай.
Айшуақ заман – жердің
Бағына бұйырғандай.
Құла жыр көсілтемін,
Сағынып ауыл таңын.
Ескі айда есіркедің,
Жаңа айда жарылқағын.





Пікір жазу