15.08.2022
  87


Автор: Сәуле Досжанова

АСТАНА ТАҢЫ

Күн келеді көгіңнен нұрын төгіп,
Гүлге бояу, жапыраққа діріл беріп.
Құлағыма әуезді бір үн келіп,
Шуағыңда толғанам жырымды өріп.
Көктен төккен керемет қуатыңнан,
Қалалықтар күш алып бұла тұнған.
Оянды да шабытпен іс бастады,
Ақындарша жүректен жыр атылған.
Есіл толқып өзіңнен айналады,
Әр тасыңды жел сүйіп, аймалады.
Әр үйіңді күн сүйіп сәулесімен,
Әр гүліңнің көрдің бе жайнағанын.
Әйнектерін шыныдай мөлдіреткен,
Ғимараттарың таласып зеңгір көкпен,
Қақ ортаңа тігіпті қасиеттеп,
Отанымның көк туын желбіреткен.
Ертегінің еліне оралғандай,
Жұмыртқасы алтыннан жаралғандай.
Бәйтеректің құс қонған бұтағынан
Ел ордаға нұр шуақ таралғандай.
Қайырлы таң,
Астана, қуанышым,
Қазағымның жүрегі – тұрағысың.
Бабаларым мәңгіге жағып кеткен,
Еуразия төрінің шырағысың.





Пікір жазу