15.08.2022
  263


Автор: Сәуле Досжанова

БӘЙТЕРЕК

Беу, самұрық!
Ұя сап, жер шегіне,
Жалғыз түп бәйтеректің өркеніне.
Алтыннан жұмыртқаң бар,
Қалып едің сүйікті ертегіде.
Дүние-ай,
Сол жалғыз жұмыртқаңды,
Жылда жалмап айдаһар құныққан-ды.
Дауылдатып, сағынып жеткеніңде,
Ұяң бос,
Ұлып қалдың...
Содан,
Алысып жалмауызбен,
Тұқымыңды тұз қылған қанды ауызбен.
Жеті күн, жеті түн шайқасып,
Жеңіп шықтың – ертеңге жалғау іздеп.
Бұл –
Сенің ғана жеңісің емес еді,
Зұлымдықтың сөгілген көбесі еді.
Бабаларым қалдырған ертегі етіп,
Бостандықтың көрінген төбесі еді.
Бұл сенің ғана жеңісің емес еді!
Содан бері,
Жылдарға жыл жалғасып,
Жүздегені тарихқа кетті алмасып.
Сол бәйтерек,
Сол алтын жұмыртқамен
ХХІ ғасырға жетті арбасып.
Өмір түсті өзінің сабасына,
Сарыарқада,
Есілдің жағасына
Азат елдің орнатқан астанасы –
Бауырластың айналды қаласына.
Сол қаланың орталық алаңында,
Баяғыдай бәйтерек дарағында.
Самұрықтың сары алтын жұмыртқасы,
Жарқырайды нұр шашып тарабына.
Жаңа Астана!
Орнаған жер көгіне,
Жаңа өмірі ұқсайды ертегіге.
Бәйтеректің нұрымен ұлы арманын,
Жалғастырар жаһанның өркеніне.
Жаңа Астана күллі әлем назарында,
Ұқсайды бейбітшілік базарына.
Ертегідей өмірді бейнетіне,
Жаратқан бере салған қазағыма.





Пікір жазу