15.08.2022
  293


Автор: Сәуле Досжанова

ТӘУЕЛСІЗДІК ТУЫ

Азаттықтың, еркіндіктің айбары,
Елдігімнің, өрлігімнің айғағы.
Астананың аспанында рух беріп,
Желбірейді Тәуелсіздік байрағы!
Ту көтеріп, басын тігіп ел үшін,
Бабам жаудан тайсалмаған жер үшін.
Ұшқан құс пен жүгірген аң жетпеген,
Дархан дала – жорықтардың жемісі.
Ту дегеннің құдіретіне иланған,
Көтерілсе астына кеп жиналған
Бабаларым осы жерге қан төгіп,
Қасиетін кем көрмеген иманнан.
Бодандықта жүргенімен бор болмай,
Құрсаулардан бас көтерген қор болмай.
Азаттықтың әнін айтып, ту ұстап,
Алаңдарға шықты жастар арды ойлай.
Бабалардың арманындай жаңғырып,
Тәуелсіздік, сені өтейік ән қылып.
Алшаң басқан алты алаштың қолында,
Көк байрағың желбіресін мәңгілік.
Тәуелсіздік, құдіреттім, қуаттым,
Саған жетіп, халқым көңіл жұбатты.
Қасиетті желбірейді көк туың,
Астананың аспанында шуақты.





Пікір жазу