15.08.2022
  266


Автор: Бауыржан Үсенов

ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ

І-бөлім
Дүр сілкінді қойдан да қоңыр аймақ,
Бағы жана ма?
Қала ма соры қайнап?
Ұран жазып, қып-қызыл ту көтеріп,
Бізде де келдік алаңға «Елім-айлап»
Билік – Халық,
Кім бүгін ұтылады.
Бас пен құлақ, көз, мұрын бүтін әлі.
Сойылы бар сақшылар жұртқа қарап
Қоян көрген тазыдай жұтынады.
Жауды алаңға тілектің нөсері кеп,
Шешеннен соң сөйлейді шешен үдеп.
– Демократияны бұғаудан босатыңдар,
– Әр халыққа өзінің көсемі, – деп.
– Сүрмейтұғын болдық қой күймей ғұмыр,
– Көлеңкеміз. Күннен де тимейді нұр.
– Колбин деген кім екен? Қайдан келген?
– Уа, сырттымыздан қашанғы билейді бұл?
– Қазақстанда он тоғыз облыс бар,
Хатшы жоқ па тізгінді қолына ұстар?!
– Бұл дегенің деп біреу шамданады
ҚКП – да беделдің қалмағаны.
Тілің құрып барады білесің бе?
Ескерусіз дін жатыр сүресінде.
Қақпақ қойып ауызға, көзді байлап,
Мұрша бермей қойды ғой тіресуге.
– Жиырма жыл қаңғырдым пәтер алмай,
Жазығым бар бұл менің, әке, қандай?
– Ойбай, көке, айта түс бетің дұрыс,
Алматыда жойылсын жетім бұрыш.
– Өгей қозы біз болдық енемізге,
Келімсектер шықты ғой төбемізге...
Көп адамның бір босап қалды-ау іші,
Іске аспады, алдау мен арбау ісі.
Брежнев алаңы күңіреніп,
Шықты осылай халықтың жан дауысы.
– Міне осындай айқайдан құлақ тұнды,
Көзге жас ап, аналар жылап тұрды.
Жылдар бойы жоғалтқан еселерін,
Үкіметтен халайық сұрап тұрды.
– Ақиқат жоқ, маңайың – толған аңыз,
Жүр екенбіз тұманды жолда нағыз
Мінбе жақтан дөкейлер күркірейді
– Тараңдар, әйтпесе күш қолданамыз.
Сақшылар тұр түзеп теректердей,
Хұқы бар ма өздерінің бөлектердей.
– Айтақ шықты кенеттен, шапшыды олар,
Қарғыбауын сыпырған төбеттердей.
Тәртіп қорғау санаға екті нені,
Өз халқына ойпырмай кекті ме еді?
Азаматты сойылмен қанға бояп,
Шаштан сүйреп қыздарды тепкілейді.
Түсті табан астынан қолдан байрақ
Сенім бізді әкепті сорға айдап.
– Бұл сұмдықты көргенше, тірі жүрмей ,
Өлген жақсы, – дедің сен сонда Қайрат.
Аспан тұрды төбеде нала құсып,
Сақшылар жүр бөрідей ала түсіп.
Жасырмаймыз жазықсыз аруларға,
Араласып кеттік біз ара түсіп.
Жан-дүниеңді сол кезде білер ме едің?
Шорт үзілді, төзімнің шідерлері
Араласпай қашуға бас сауғалап,
Намысымыз жігіттік жібермеді.
Дегеніміз жоқ қате не жөн істедік,
Қарап тұрап қырылар кеміс пе едік.
Қолда қару болған жоқ жұдырықпен,
Біраз беттің тақтайын тегістедік.
Бар болғаны сол еді «қылмысымыз»
Савицкийді көрген жоқ бір кісіміз.
Кейін соның қазасы тағылғанда,
Аң-таң болып, қан жылап тұрды ішіміз.
Түрме жұтты біздерді – кара мекен,
Әділетсіз бұл қоғам талақ екен.
Демократияны жамылған КГБ – ыңыз
Қолдан жасап шындықты алады екен.
Темір құрсау біздерді бүргені шын
Мұң шығады қапаста кімге құсың.
Ақ-қараңды тексерер түрме деген,
Концлагерь болды біздер үшін.
Нөсер бұлт жетпеді көшіп қырдан,
Шыбық өлді – кеудеде өсіп тұрған.
Шындық деген жоқ екен сотыңда да
«Атуға» деп міз бақпай кесім қылған.
Біреу қорғап дүние-ай, жақ ашпады,
Қайрат сені осылай аластады.
Құрбандыққа күні бұрын белгілеген,
Артық адам сен болдың Алаштағы.
Қылмысы жоқ жігітті жерлемек кім?
Оның обал-сауабын тергемек кім?
Деген ойдың шырқырап шырмауында,
Он бес жылды арқалап менде кеттім.
Ақтық сөзің арманды – хатта қалды,
Көріп жүрміз, қиып ап сақтағанды.
Қайрат, Қайрат бауырым естимісің
Есін жиған халқымыз – «зек» ұрпағын,
Лагерде шірітпей ақтап алды.
Не азапты, бауырым, көтермедік,
Соны жырлап өмірім өтер менің,
Камераңа қанішер салмағанда,
Бізбен бірге ақталып кетер ме едің?
Шайқады ғой біздерді, «шайтан арба»
Оның бәрін жеткізіп айта алам ба?
Түсіп кетсе есіме,
Қаным қайнап,
Атып шыққым келеді қайта Алаңға.
ІІ-бөлім
Қайрат! Саған жүргізілген тергеу бізге құпия
болып қалды. Жүзден он процентін білмейміз. Мен
тергеушілермен «диалогтарың» төмендегідей
болған шығар деп шамалаймын....
Қайрат:
Таспа тілгендей жанымнан тозаң ұшырдың,
Балағаттайсың, бағам бір тиын, түсіндім.
Жазықты мен, қайталай берем несіне,
Оқып көр міне, өлеңге түнде түсірдім.
Тергеуші:
Түкірдім мен жырларыңа,
Ит не деген өткір едің.
Ине сұқтым тырнағыңа,
Өлердей ғып тепкіледім.
Алдау-арбау тәсілмен,
Салдым қанша жаңға бұғау.
Тәнің таудың тасы білем,
Мойындата алмадым-ау.
Қайрат:
Мойындата алмайсың,
Адал арым,
Көзім жетіп болды ғой, бағалағын.
Меңсіз едім жақпақсың маған қасқа,
37 емес бұл–
Заман басқа.
Тергеуші:
Бірақ 87 бұл,
Бүлігі көп.
Отырсың ғой қылмыстың түбірі боп.
Тілің безеп, өлең айт маған десең
Савицкийді өлтірдің алаңда сен.
Қайрат:
Бітер екен осы бір «кеңес» қашан,
Савицкийді көргем жоқ мен ешқашан.
Өлтіргем жоқ,
Құдай мен достар куә.
Тергеуші:
Ах, баскесер тағы да басталды ма ?
Періштедей бейкүнә жұтынасың?
Куә қаның, қалайша құтыласың?
Қайрат:
Соншалықты зымиян болар ма едің,
Қолдан жасап алдыңдар, түсінемін.
Қалай тани қояды олар мені,
Ғұмырымда көрмеген кісілерім.
Қалай жасап береді заңға «шұжық»?
Алаң шетін баспаған маржа, мұжық.
Тергеуші:
Тісіңді қайрап кектенесің не?
Ұлы халықты жек көресің бе ?
Қайрат:
– Халықтың бәрі ұлы.
Тергеуші :
У-ух , сасық шалшықтың балығы.
Қайрат:
Жұмысың жоқ халқымда, тарт тіліңді
Олар әлі-ақ біледі ақтығымды.
Тергеуші :
Жиылып бүркіт болмас, он мың қарға, ха-ха-ха
Үкіметті мұқатпақ болдыңдар ма?
Бәрібір іске аспады амалдарың,
Қарғадай қарқылдаған надандарым.
Сені жарық дүниеге қайырмаймыз,
Пашпыртыңды «атуға» дайындаймыз.
Қайрат:
Жүрегіме зіркілің от қояды,
Шұқыдым деп мастанба көзге кенет.
Сен сияқты залымдар көп қой әлі,
Әлдеқашан дүние өзгерер ед.
Жатқаныма шатылып өкінбеймін,
Кетсемдағы атылып өкінбеймін.
Тіршілік қалды, күресімді бірақта тоқтатпаймын,
Міне, саған түкіремін алдыменен.
ТФУ, бетіңе жаналғыш.
Құдайға мұңын шаққан ана зары
Мойныңды біразырақ бұршы Құдай,
Тірлікте кім қанішер, кім сұмырай... қырсық Құдай.
Оқыста отқа түскен көбелегім,
Гүл ашпай көктей солған қыршыным-ай,
Жете ме құлағыңа сорлы мұңым,
Естімей, кереңсің бе зорлық үнін,
Ешкімге залалы жоқ бұйра қозым,
Алаңсыз ойнақтаған өр құлыным.
Іздер ем жол жоқ бірақ саған барар,
Таба алмай тіршілігім тамамдалар.
Сезеді қу жүрегім, сүтім адал,
Ақ жолдан таймайтұғын балам да адал.
Аспаннан түссеңші енді жер тірегі,
Сен жоқ деп Құдайсыздар желпінеді.
Ей, Тәңір менің ұлым ақын еді,
Ақындар қайтып адам өлтіреді.
Сұмдарға шамаң жоқпа тоқта деуге,
Ей, Құдай пеңдең саған өкпелеуде.
Ақымақ үшін алдыменен
Ақындар тоспайды ма оққа кеуде.
Құдай-ау, мұң шағамын қай адамға,
Тұтылған күн секілді қараям ба?
Заманы Сталиннің оралды ма?
Халқым-ау, бұл не сұмдық ай аманда?
Басыма салдың менің неге түнек,
Ыстығың, суығыңа көнетін ек.
Сол ұлды мен сен үшін туған жоқ па ем,
Баламды қайтарып бер, ей өкімет.
Залым соты, заңы да арам,
Құлыншағым, қан құсып отыр анаң,
Сала ма сені әлдилеп топырақ ән.
Көзіне күл шашамын бұл қоғамның,
Заңы тұл, адамы құл, соты харам....
Қалыңдықтың жоқтауы
Қанды алаңда тосты сені Қособаң,
Қайран өлім, талай пәле тос одан.
Жынын құсқан Желтоқсанға обалың,
Менің аттай алмай қалған босағам.
Ақ гүл едім, гүл көктемде аруақтай арыдым,
Өткен сынды түйсігім мен танымым.
Жанарыңда өмір, өлең толы еді,
Неге ертерек сөніп қалдың жарығым.
Құшағыңда балқып едім аз ғана,
Ерінімнен сүйгізіп ем наздана.
Есімді алып, дірілдеме қос анар,
Сорлы сезім бойымды өртеп маздама.
Қыпша белім нені аңсайсың сен енді,
Қыздырмайды қаным суық денемді.
Мен тұманда мәнгі-бақи жоғалттым.
Желкенін жел кернеп жүзген кемемді.
Былығы көп тіршілікке кекті едің,
Сұңқарым-ай арманыңа жетпедің.
Ең болмаса ғұмырыңды жалғайтын,
Құрсағыма өмір сеуіп кетпедің.
Дақ түсірдім деп ойламай салтыма,
«Олжабай» деп жасырмастан артыма.
Бұл Қайраттың тұяғы деп ұялмай,
Асқақтықпен көрсетер ем халқыңа.
Қылмыскер тиеп батыстан этап келеді,
Шұбалған состав шабан тұғырдай желеді.
Сол жігіт үшін тау етегіндегі қалада,
Желбіреп тұрды қайран үміттің желегі.
Торлы вагонға есебін тауып жел кірді,
Сол дала желі құтыласың деп сендірді.
Қасыңа салған серігіне де қарамай,
Торлы тесіктен қиырға қарап телмірді.
Біздің Отанда халық қыруар, түрме мол,
Жазықсыздар да, қылмыскерлер де күн көрер.
Өкпені қысқан екі кісілік купеге,
Сол адамменен ажал кіргеніні білмеді ол.
Акын мен жендет– сайқал тағдырдың мазағы,
Ех, әлі қанша қанды парақтар жазады.
Ақын отырды арманды әуенін ыңқылдап,
Жендет отырды ысқырып бір күй азалы.
Доңғалақ біткен келе жатты айтып жол жырын,
Қасыңда отыр басыңды жұтар, сор, жылым.
Әрине бүгін ешкім де бізге айтпайды,
Өлтіруге оны тапсырма алды сол зұлым?
Ех, Қайрат, Қайрат, ақкөңіл бауырым күнәсіз,
Неліктен менің көз алдымда ылғи тұрасың.
Түйсік айтады, ел де айтып жүр ашықтан,
Сені жоюға тапсырма болған шүбәсіз,
Сол бір оқиға салынды талай елекке,
Сенетін болсақ адвокат айтқан дерекке.
Толқуды тастап, орден қадаған «сұмдарға»,
Қылмыстарының ізін жасыру керек те.
Өлең жазамыз өкпелеп бүгін үмітке,
Орындалмасаң кепкен көндерді жібітпе.
Қалғып кеткенде, қапысын тапқан қанішер,
Сасық майқасын тұзақ қып салды жігітке.
Ех, Қайрат, Қайрат қапаста алты ай қан іштің,
Иттер қамаған арлан қасқырдай қарыстың...
Бостандық түсіне кіріп жатты ма екен.
Дұшпан ұйқыдан оянбай кеткен арыстың,
Арманда кеткен арыстың.
Аспаның бұлттан ашылса екен толайым,
Алаңға сонда ақ көгершін боп қонайын.
Тұман көлбеген Ата Мұраттың жолында,
Сен үшін өлген соңғы құрбандық болайын.
Мұратыңнан енді көшіңнің басын бұрмағын,
Сұңқарың өсіп, азая берсін сұмдарың.
Аманат саған,
Соға алмай өткен дауылым,
Көкірегімдегі жазылмай кеткен жырларым
Аманат, халқым, аманат...
Көз жасымды құйып құтыға,
Қабіріңе құям оны жұтып ал.
Шиебөріше қайғы мені талайды,
Одан жол да іздемеймін құтылар.
Табандарға тапталмайды намысың,
Алты алашқа аян болды дабысың.
Қасыңда тұр сертке бері жесірің,
Алаңдамай демала бер, Арысым,
Мен өзіңді жүрегіме жерледім.
Алаңдамай демала бер, Арысым.





Пікір жазу