15.08.2022
  127


Автор: Бауыржан Үсенов

ОБА ТУРАЛЫ ОДА

Оба көрсем кеудемде оянады бір сұрақ,
Қобыз үні жетеді әлдеқайдан қыңсылап.
Дүңк-дүңк етіп дауылпаз, ұрыс даусы шығады,
Бір көмескі тарихтың жылтылдайды шырағы...
Оба деген атауы шығып қалып қатардан,
Бертін келе талайы төбе болып аталған.
Биігіне шығып ап жоқ қарайды малшылар
Тентек самал лүп етсе таз басынан шаң шығар.
Жотасына даланың шыққан жара бұл анық.
Отырып ап басына мәслихат құралық.
Тұрады ойнап үстінде бұлдыр-бұлдыр бір сағым,
Бір тылсымның бары анық бүлкілдеткен құрсағын.
Алтын сауыт киінген дамылдай ма бір төбе.
Не құпия жасырып жатыр екен сұм төбе.
Ғұндар ма әлде сақтар ма, қыпшақтар ма-үйген кім,
Кейде астында қазына жатқандай-ақ күйге ендім.
Бір обаны қазбақ боп қылғанмын да нән талап,
Жатты менің қазынам сан дәуірлер қалқалап.
Оба, оба, обалар-өгіздердей өңкеген.
Эралармен жасасып, ғасырлардан тон киген.
Тіл қат маған бір рет, тіл қат маған, гүр етіп,
Шығарайын атыңды жарты әлемге жыр етіп,
Сендер жайлы мен әлі жазармын-ау сан ода,
Ойлап тұрсам, о тоба,
Жердің өзі нән оба.





Пікір жазу