БИ АЛАҢЫНДАҒЫ БОЗБАЛА
Жас біткеннің жанындай-қиял, әні
Жарқ-жұрқ етіп дүмпіп тұр би алаңы.
Биге қойып кетуге беттен басып,
Бозбаласы ауылдың ұялады.
Жерді сызып балағы шалбарының,
Қуып келді ол соңынан арманының.
Биге кіріп кетуге бата алмайды,
Сезеді ме жеңілін салмағының.
Даңғазаға желкілдеп желік-арман,
Би алаңы күшіне еніп алған.
Дөңгеленген қыздарға өлеңдейді ол,
Көлденеңдеп өткендей елік алдан.
Әзәзіл ой ортаға кір-кір дейді,
Бозбаланың жүрегі бүлкілдейді.
Ионика-мысықтай мияуласа,
Бас гитара-бураша үркілдейді.
Сақпандайын суырылып қалың шаңнан,
Ауылда ол қыз қуып, салым салған.
Состиып тұр ал мұнда сорың құрғыр,
Жыпылықтап жанары жалын-шамнан.
Икемсізді бұл өмір өкпелетпек,
Уh, барабан тарсылды төкпелет, төк!
Түсінісе алмай тұр түбің түскір,
Қала менен Далаңыз бетпе-бет кеп.
Әсер етпей әншінің тілі балдай,
Жуса кетпес көңілдің кірі бардай.
Табиғат пен цивилизацияңыз,
Бірін-бірі бағып тұр біріге алмай.
Тіл табады түбінде, білем оны.
Дариды оған қаланың мұң өнері.
Көкпар болса дәл қазір білек түріп,
Қан доданың ішінде жүрер еді.
Өмір енді сан оған қай-қайда да,
«Икемсізсің, бала!» деп айқайлама.
Оны бір күн қылықты келіншектей,
Айналдырып алады сайтан қала,
Ал, әзірге сен оған айқайлама..