
АУЫЛ АҚЫНЫНЫҢ БӘЙГЕГЕ ӨЛЕҢ ҚОСУЫ
Тіршіліктің ұйыған балқаймағы,
Мен ауылдың ақыны шалғайдағы.
Шығып алып биікке көз тойғандай,
Боз даласын жырлаған бозторғайдай,
Төгіп жүрген өлеңін таңдайдағы
Үлкен жерге ұшырам, Өлең, сені,
Ұлы жырдың төгілген Қан Байрағы,
Бұлт астынан жарқ еткен Ай сияқты,
Кетер мүмкін ашылып маңдай бағы.
Жарық күннің жамылып жазғы нұрын,
Жусан иісін алып бар, Қаздың үнін
Тобылғының тілімен сыбырласып,
Таңға біткен жалбыздай-сазды мұңым.
Сыншылардың алдында сөз сөйлесін,
Басталмаған кітаптай Аз ғұмырым
Тауып алып иіскеп қайт.
Елді ұмытып,
Астаналық боп кеткен қыз бұрымын,
Омырауына тақ бір талын түз гүлінің.
Мүсініне Абайдың тәжім еткен,
Жебеп жүрсін батасы Әз Үлектің.
Мыңмен жалғыз алысқан қайран бабам,
Өзің құсап келеді-жазып өткім.
Мұсылмандар бейітін аралап шық,
Ертіп алып біреуін хазіреттің
Құран оқыт, құрмет қып ақындарға
Мен мұңыма соларды азық еттім.
Білсін олар бір Тауда бала барын,
Желге тосқан қаны аққан жараларын.
Тұманы жоқ тап-таза кеңістікке,
Түтіні боп ауылдың тараларын,
Талмай шауып тас жарар талабы бар,
Қаратаудан іздеген Қар адамын
Тәуекелге тас жұтып бара аларын,
Тап қылса да тағдыры дар алаңын.
Жөнел, жөнел, өлеңім, жөнел енді,
Бақытыңа тап қылсын Көрегенді.
Тақым созып өлеңді баптағанның,
Талайларын шаттыққа бөлегенді.
Төрт аяғың тең болса топ жарарсың,
Бақ, соры бар талаптан көрем енді,
Жөнел, жөнел, өлеңім-жөнел енді
Жолың болсын құлыным...