15.08.2022
  102


Автор: Бауыржан Үсенов

«ҚҰДАЙ»

Келбеті бұл-заманның тоқыраған,
Кабинеттің алдында нөпір адам.
Нөпір адам тараса,
Әлдебіреу,
Ақша санап мәз болар бопыраған.
– Шешілсе екен мәселем бүгін анық...
– Қаhарына ілігіп құрымалық...
Кабинеттің ішінде «Құдай» отыр,
Көзәйнегі жарқырап, ыңыранып.
Бақа тамақ, бітік көз, томай құлақ,
Бульдог десең тіпті де қолайырақ.
Ең жоғарғы маркасы топастықтың,
Ешкім айта алмайды олай бірақ.
Жалғандыққа қол қояр қалтырамай,
Аузын ашса шашады алтын арай.
Мұны көрсе білмеймін, не дер екен,
Адалдыққа үндеген халқын Абай.
Тереңде деп тамырым мақтанады,
Сондықтан да, жан біткен сақтанады.
Қабақ қағып шешеді мәселені,
Талдамастан тіпті де ақ, қараны.
Қайраткер деп ол өзін сезінеді,
Халқым десе «бауырым езіледі».
Бет-пердесін моральдық анықтаса,
Періштең не,
Сайтаның безінеді.
Галстугы бұғағын буындырып,
Коньяк ішіп, аңсайды уылдырық.
Құтпан айғыр секілді қастасқанын,
Пенде қылып алады қуып жүріп.
Таныдың ба, бауырым, бұл бейнені,
Бетіне айтпай сыртынан сұм дейді елі.
«Құдайлар» ғой кешегі сайран салған,
Көрінбеген көлеңке, күңгейлері.
Кеше болса дақпырттап жазар едік,
Оян намыс,
Тотыңнан тазар, Ерік!
Шындық келіп Мансабын тартып алды,
Темір торға қамады Жаза келіп.
Ақиқат кеп жалғанды пышаққа алды,
Жартастардай небір «дәу» ұсақталды,
Қарап тұрсаң сыртынан «Құдайларға»
Құдай емес,
Құрбақа құсап қалды...
Жаса шындық!





Пікір жазу