
БІЗ ҰРПАҚПЫЗ ЖАНАРЫНДА ЖАЛЫН БАР
Көп шындықты білмей өскен ұрпақпыз,
Жалғандықтың жалтақ әнін шырқаппыз.
Ақсақалдар, шындықты енді айтыңдар,
Бұра тартып бұрмаламай бұлтақсыз.
Жалғандықтан елдің соры қалыңдар,
Біз ұрпақпыз жанарында жалын бар.
Ей, қоныңдар тұлпарына шындықтың,
Болжам-байтал мініп келген ғалымдар.
Ыдыратып көр, тұманды жел тұрды,
Талайларды тәубесіне келтірді.
Мәселенки, білгім келіп жүр менің,
Шәкәрімді қандай қазақ өлтірді?
Қайран ақын елу бес жыл көмілген,
Сені біздер суырып алдық көріңнен.
Үн қатындар, Ахметтер, Мағжандар,
Елу жылдай көрінбеген көріңнен!
Абайға да күйі жаққан бұл қазақ,
Бірін-бір әлі күнге жүр қажап.
Айтысқанша партия боп, ел болып,
Парасаттың шырағданын шынға жақ.
Сталиннің бет пердесін аштық та,
Жаудай тидік бюрократ бастыққа.
Біз сендерге орнатамыз ескерткіш,
Социализмде қырылғандар аштықтан.
Феникстей күлден енген ел едік,
Қиыс тартпай, жөнге енді келелік.
Озғандарды көтерелік төбеге,
Сүрінгенді қолтығынан демелік.
Мен қайралған қанжарыңмын, ел, сенің,
Бар өзімнің көзқарасым, өлшемім.
Керек болса сенің мүддең үшін мен,
Жұлып берем жүрегімнің бөлшегін.
Еңлігіңмін шыңда өсетін қар басқан,
Ерлігіңмін дауылдатып, алға асқан.
Жалғандықтың жалын күзеп, тұқыртып,
Шындығыңды жырлап өтем талмастан.