ДӘРІГЕРГЕ ҚОЙЫЛҒАН ДИАГНОЗ
Ауырып келді екі адам,
Екі бүктеліп аһ ұрып.
Дәрігер қағып арқадан
«Диагноз» қойды қатырып.
– Ішегіңде ісік бар,
Елемей жүріп өткізген.
Ісікті еммен ұшықтар,
Құдырет әлі жоқ бізде.
– Ісік деген рак па?
Шал көзін жұмды жас тамған.
– Рагы рак, бірақ та,
Жаңадан ғана басталған.
– Сонда ол емге көнеме?
Көнсе барымның бәрін ал.
– Жайылмай ғана денеңе.
Тұншықтыратын дәрі бар.
Ол бірақ қымбат тұрады,
Мың сом ба?
Сірә сол шама.
Құлдығың болам шырағым,
Тауып бер алтын болса да.
Өзіңе енді табындым,
Уа, жар бола гөр Жаратқан...
...Шын диагнозы шалыңның
Уланған еді тамақтан.
Мұртынан күлді дәрігер,
Көңілін кернеп құрсаң ой.
Жандары тәтті кәрілер,
Осылай жем бол тұрса ғой.
Талай аңқауды алдады,
Тайыздан ғана ойлайтын.
Құныққан сайын жалмады,
Атжалман құсап тоймайтын.
Қолы жеткенше қармады,
Мұрттан жіберіп күлкіні.
Ұзаққа бірақ бармады,
Ұсталып қалды бір күні.
Қылмысың жатса екшеліп,
Құнын қайтсең де тартасың.
Тергеуші әбден тексеріп,
Толтырып берді картасын.
«Ауруың кеткен асқынып,
Аяғы мұның болды ащы.
Прокурор оған тас қылып,
«Диагноз» қойып, мөр басты.
Сот оны қарап шықты да,
Бөлшек шығармай бүтіннен.
Армансыз жеген мықтыға,
Алты жыл кесті үкіммен.
Әңгіме қып жүр әлі де ел,
Ұмытып кетер түбінде.
Магадан жақта дәрігер,
«Емделіп» жатыр бүгінде.