15.08.2022
  90


Автор: Бауыржан Үсенов

БИДАЙЫҚ

Есіңізден ешқашан шығармаңыз.
Құс төресі бидайық
Қыран нағыз.
Аспан астын боздатып сорғаласа,
Аузыңыздан түспейтін бір Аллаңыз
Құс төресі бидайық
Қыран нағыз.
Күйі келсе түсетін қасқырыңа,
Қасқырыңа, албасты басқырыңа.
Қартайғанда құйылып зау биіктен,
Өзін-өзі соғатын тас қырына,
Күйі келсе түсетін қасқырыңа.
Аққу төсін қан қылып жұлмалаған,
Аң мен құсты қоймайтын бұл даладан.
Шабытынан сескеніп тұра қашар.
Қиқу салып қызық қып тұрған адам,
Аққу төсін қан қылып жұлмалаған.
Қор қылмаған ғұмырын тышқаншылап,
Құлық жасап көрмеген мыстаншылап.
Қиғыр қылыш, атқан оқ, күміс жебе,
Күн астында ұшқан шырақ,
Қор қылмаған ғұмырын тышқаншылап.
Құс төресі бидайық –
Қыран нағыз.
Қаз-үйрекке жіберіп ұрандаңыз,
Ықылымнан құс салып, құмар қылған
Қазақ атам қылады бұларды аңыз,
Құс төресі бидайық –
Қыран нағыз.
Бидайық – жыр баптаған мен бір өрен,
Қызығыма қол соққан елді көрем.
Қондырып ап қолыма саят құрам,
Құмай ертіп, мініп ап белді дөнен.
Олжа салып құрбыма орамалды,
Бөрікті қып жолдас пен жораларды.
Боз даланы шарлаған біз бір аңшы.
Бидайық – жыр, сыпырам томағағаңды!





Пікір жазу