ДУЭЛЬ
Қандай жан берген сертінен тартына алады,
Ақының қайсар жүрегі қалтырамады.
Ісің ақ болса,
Қаныңа батып өл, сеніп,
Оқ ұшар екі аралық жатыр өлшеніп.
Дуэль боп шыққан заманы қағынып алдан,
Лермонтов тұрды шинелін жамылып алған...
Тағы бір жұлдыз дуэльде өліп, өшеді,
Сорлы Россияның неліктен соры бес елі.
Қорғасын бұлттар төнеді түйіліп көктен...
Аз ба еді оған ұлы қиылып кеткен.
Ессіз намысы қия ма ақыры өмірін,
Жазғаны кеше емес пе «Ақын өлімін» ...
Дуэль боп шықты заманы,
Амалы бар ма?
Қарлығаш еді су сепкен жаралыларға.
Мартынов сұмның жүзінде сәл мысқыл бар ма ?
Дарымайды да екен қарғыс бұларға.
Шықпай-ақ қойшы оқ атып қиялап қырға,
Тоқта Мартынов!
Тарихқа қиянат қылма!
Біз білер Миша өзіңді көздеп атпайды,
Мишаға қазір сен емес өзге жақ қайғы.
Тынып тұр іштен дем алмай әлем-жер беті,
О, тоқта деймін қара бет, Өлең жендеті...
Тарс етті мылтық,
Сұм емес, ақын құлады.
Сұмдардың бағын ит өмір мақұл қылады.
Ақындар – аққан жұлдыздар өлең көгінен,
Десек те, ажалдары ылғи төменде білем...
Шәкәрімді де атты олар,
Сәкенді де атты,
Түрмеге салып қинады көкемді қатты.
Оларды жүрек төріне жерлеген едім,
Соқпақтарымен солардың мен де келемін.
Жалғанда жаусыз болмайды қазағың деген,
Мартыновтар мен Дантестер,
Ажалың менен!