15.08.2022
  121


Автор: Бауыржан Үсенов

АҚЫН ӨЛДІ

Жұматай Жақыпбаевқа
Өліп қалды сорлы ақын
Ал мақтаңдар,
Қазанама жыр жазып далбақтаңдар.
Қабірінің басына сөз сұраңдар,
Қорс-қорс етіп өтірік жылап тұрып,
Лақатына топырақ лақтырып,
«Өр бейнесін жүрекке көшірелік»
Деп боздаңдар жанашыр досы болып.
Айырылдық деп қапыда айқалаңдар,
Жақынына сонан соң қой-қойлаңдар.
Ақын жатыр
Маңдайы кере қарыс,
Сенен алыс мәңгіге менен алыс.
Керегі жоқ енді оған ештеңенің
Кімді кешіп, ол кімді кешпегенін,
Жария қылмай енеді жер қойынына
Аманаты қалады ел мойнына.
Айбарынан айрылып мәпелеген
Ұл жылайды – қиын ғой әке деген.
Жар жылайды айрылып түрі-өңінен,
Ұстамайды енді ешкім білегінен.
Ал мыналар жылайды неменеге,
Айырылғаны шынымен елене ме?
Жолына оның бір кездері қақпан құрып,
Қарсы келсе жіберген жақтан ұрып,
Өлеңіне ит қосқан талатқалы,
Бұлар биттер еді ғой балақтағы,
Кеңк-кеңк етіп жылайды ұялмайды,ә,
Темір емес жаралған сүйек еттен.
Әлде осындай жерлеуді қиялдай ма?
Жұрт ақынды жөнелтті құрметпенен,
Әлгілер де шауып жүр дүрмекпенен.
Ал ақынға бәрі бір өліп қалған...
Ол тыс қалды өмірлік жорықтардан.





Пікір жазу