15.08.2022
  90


Автор: Бауыржан Үсенов

БОЛМАЙ ҚАЛҒАН ҚЫЗ ҚУУ

Сағына күткен мерекем еді,
Жыл құсын күткен секілді.
Жылауық бұлттар неге төнеді,
Жаңбырмен сулап бетімді.
Қабағын ашпай қараша аспан,
Жатыр ма сайлап ақ қарын.
Алтын бақ айтып тамаша дастан,
Жууда жапырақтарын.
Сіздің ауылдың соқпағы белден,
Асып кеп шықты кермеден.
Қызылды-жасыл топтағы елден
Бейнеңді іздеп сенделем.
Достарым, әне баянын күйлеп,
Шырқауда ғажап өрт өлең.
Ақбозаң басса, аяғын билеп,
Желігуші еді кертөбел.
Қыз қуу шіркін арманым еді,
Арман едіңіз маған сіз.
Шадыман жұрттың бар ма білері
Қайғымнан мынау хабарсыз.
Аққудай болып өтсең мәреден,
Албырап жүзің айдан ақ.
Ақ тамағыңнан өпсем деген ем,
Өтсем деген ем аймалап.
Келемін деген сертің бар еді,
Тұрмын ғой қалқам сыңар боп.
Әлі де менің дертім дәмелі,
Бір жерден күн боп шығар деп.
Көрініс болды басқаша бірақ,
Бөгде қыз шықты жігітпен.
Қирады құлап тасқа шаңырақ,
Қирады мендік үміт те.
Сағына күткен мерекем еді,
Жыл құсын қүткен секілді.
Жылауық бұлттар неге төнеді,
Жаңбырмен сулап бетімді.
Кеудемде қызу салқындап анық,
Ашыды жүрек дерт тілген.
Кеу-кеуі жұрттың артымда қалып
Бас ауған жаққа кеттім мен.
Мереке талай тойланар әлі,
Тартылар талай сыбызғы.
Осы мереке ойда қалады,
Қалай деп менен сұрама.
Соққан-ды тағдыр сынақ –шыбықпен,
Төңкеріс жасап ойыма.
Ауылынан қыздың бір-ақ шығып мен
Тап болған едім тойына.





Пікір жазу