15.08.2022
103
ГЕТЕ ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДА
Тілеп тұрсың ба әлде сен жырыңа өріс,
Тасып тұрсың әлде сен, ғасырға иық,
Аты аңызға айналған ұлы неміс,
Мүсініңе тұрмын мен басымды иіп.
Қиырларға қадалған бейнең ойлы,
Көп секілді әлі де барар жерің.
Амал қанша гранит сөйлемейді,
Тірі болсаң мен бата алар ма едім.
Жауған саған еліңнің нұры бүгін,
Бүгін қарап тұрсың сен нар тұғырдан
Ұлысың сен,
Мүмкін сол ұлылығың,
Лермонтов пен Абайдың тәнті қылған.
Өлең-жырға таусылмас жеміс бердің,
Ұшып жүрсін бақтарда киелі ән боп.
Сенің туған күніңде немістердің
Жылағанын көрдім мен Иоганн деп.
Кешегі өткен ойрандар бүгін елес,
Мүмкін емес ойларды ерікте ұстау.
Маңдайыңдағы әжімдер бұрын емес,
Гитлердің ісінен келіп түсті-ау.