15.08.2022
131
АВТОБУС
Зеңгір көктен бір самолет кетті ағып...
Платформа. Топырлайды көп халық.
Сан тағдырды тиеп алып автобус,
Бара жатыр Шаңылақты бетке алып.
Жарасады кәрілердің әзілі,
Сыңғырлайды қарындастың наз үні.
Терезеден мұңдалайды Жетім тау,
Секілденіп Жонның Темірқазығы.
«Ыстықтадым, – дейді – сәби шешінем»,
Маужырайды толық жеңгем есінеп.
Автобус та жазылғандай бауыры,
Зымырайды асфальт жолдың төсімен.
Басып өтіп Көлтоғанды, Көкталды,
Басы бұлтты Арқарлыны бетке алды.
Шаһан деген шадыр асу артта қап,
Шаңылақ та көз көрімге кеп қалды.
Жадыраған күн шуағын жамылып,
Үйді-үйіне тарады жұрт ағылып...
Жалғызсырап мұңайып тұр автобус.
Аялдамада адамдарды сағынып.