15.08.2022
  137


Автор: Бауыржан Үсенов

ТАҒДЫРЫМА МЕН СЕНІ ЕГІЗ ДЕГЕМ

Кеуде жарып күрсінем, қалмады амал,
Аяулым ең, жар деген жанға балар.
Кешірші деп алдыңда басыңды иіп,
Енді менің жайым жоқ қорғана алар.
Жаралғам жоқ алауды өшіруге,
Ер алдында тағдырым шешілуде.
Мен кешірім сұрауға тиіс емен,
Сен де тиіс емессің кешіруге.
Көңіліңді сан рет қайтарғанмын,
Тұрды ойымда. Еш нәрсе айта алмадым.
Көктем, көктем, көкем-ау мұның қалай,
Сыйға тартқан гүліңді қайта алғаның.
Қиналғам жоқ дәл бұлай ес білгелі,
Енді өзіңдей түсінбес ешкім мені.
Тағдыр, тағдыр мен саған өкпелімін,
Нағыз көктер шағымда кестің мені.
Сәтсіздіктің бел алды пәрмені шын,
Күреспеймін күш алар дәрмен үшін.
Бос қалған соң, көкірек не айтарсың,
Енді өмірдің мәні жоқ дәл мен үшін.
Сапарыңда алдағы сүрінбе сен,
Қуат алар күнім ең, күлімдесең.
Мені ешкім күтпейді, сағынбайды,
Алаңдамай мен де енді «ғұмыр кешем».
Пікір айтар мен жайлы талай дана,
Енді жалғыз қарасың шар айнаға.
Кездескенде аймалап жанарыммен,
Тұрып қалсам орнымда қарайлама.
Тағдырыма өзіңді егіз дегем,
Көз моншағын өзің деп көп үзді өлең.
Үн естісең түндерде тым-тым мұңды,
Тыңдама сен. Ол менмін. Сені іздеген.
Жұбатады ана өлең жетімегін,
Жылап, жылап кім білер жетілемін.
Сен үстемсің аяулым, бірақ, бірақ,
Аянышпен қарама, өтінемін.
Думан қызып қаңбақтай дөңгеледім,
Өміріме өлең боп енген едің.
Сенен тапсын саяны, сақта мәңгі,
Шырылдаған өзің деп соңғы өлеңім.





Пікір жазу