15.08.2022
93
МУЗАҒА СЫР
Бозбала – өзі хан, өзі бай,
Бақыттан жайнаған көзі де,
Енесін іздеген қозыдай
Емініп ұмтылды өзіңе.
Жаза алмай – шекесін көмді тер,
Жия алмай ойларын шашылған.
Мейірім іздеп жүр сергітер,
Самал боп сипашы басымнан.
Құлын ем босаған желіден,
Құлдырап жүгірген қыратта.
Айрылмас дос болған сенімен
Сезімтал жанымды жылатпа.
Өзің ең мұңымды шағатын,
Қуансам өзіңе ұшқан ем.
Бекімей жатса да қанатым,
Қырандар көретін түс көрем.
Жастықтың қайғысыз күндерін
Деген ем жазамын тасқа өріп.
Әйтсе де, көзімде тұр менің
Бір өлең мөп-мөлдір жас болып.
Сезімді оятқан гүлім ең,
Күбірлеп айтатын сан дастан.
Сен маған көрінбей шынымен,
Өстің бе шыңдарға қар басқан?
О, Муза, демі өрт, қыз ерін,
Мәжнүн қып өмірден өтпе сен.
Мен сенің гүліңді үземін,
Тек өзім үзіліп кетпесем.