ӨКІНІШ
Өткір көзбен жалт етіп заңғар зерек,
Аңыратып құйылды аңғарға кеп.
Басып қалса сезеді-ау қан қыларын:
Арлан қасқыр зымырап – салды барын.
Құтылмайды, бас шайқап арша тұрды,
Жетті қыран, қасқыр да қарсы атылды.
Қар бораннан көрінбей жыра түбі,
Кетті айқастың басталып сұрапылы.
Өмір, өлім дірілдеп жіпте тұрды,
Жанұшырған қос тағы бүктетілді.
Текті қыран көрсетті анық күшті,
Қос жанары арланның ағып түсті.
Айқас үні аңғарды тітіретті,
Кенет, кенет бір нәрсе күтір етті.
Опырылып арланның белдемесі,
Ұзынынан сұлады өр денесі....
Әйтсе де, нағыз көкжал бөрі білем,
Үн шығармай қыранға қарап жатты
Ағып түскен қос көздің орынымен.
Қып-қызыл қан маңайды бояпты көп,
Дүр сілкінді жеңімпаз тоят тілеп.
Кекті ұшқындар көзінен шашырады,
Қазір оның тояты басылады.
Бірақ... қыран тимеді дәу бөріге,
Қадірлеуге тұратын жау деді ме?!
Кеуде жарып, денесін бүлдірмеді,
Тоятынан мәрттігі тұрды ілгері.
Нағыз жауын қастерлеп, ұран салмай,
Үнсіз кетті көгіне қыран самғай.
Қыран солай биікке аспандады...
Мәрттігіне қыранның ырза болған
Жартастардың көзінен жас парлады.
Бірақ, бірақ бүлінді аңғар іші,
Өлімтікше жидіген ар-намысы–
Қарға біткен жиылып, той-тойлады,
«Ұят-ай!» – деп шыршалар айқайлады.
Жартас біткен көздерін қалды жұмып:
Өлі арланға таласып қарға біткен,
Қарқылдасып, жырада салды бүлік.
Деп таласты:«Олжаны жыққан алар»,
Қыранды еске алмады тіптен олар.
«Қыран қыран екен ғой асыл текті!»-
Деп қарағай егіліп, жасын төкті.
«Қарға қарға екен ғой, құрып қалғыр!»-
Деп күрсінген аңғарда үн тұрып қалды.
Қыран да ұзақ қалықтап жүрді аспанда,
Аңғар ішін қарқ та қарқ үн басқанда.
Жер бетінде жабырқап жатты екінді,
Ерлігіне ол өзінің қатты өкінді