15.08.2022
  134


Автор: Бауыржан Үсенов

КЕР БИЕ

Тағдыры көңілін қалдырған,
Түбінде жап-жасыл бауырдың,
Құлынын қасқырға алдырған
Кер бие кісінеп шауып жүр.
Дауыстан егіле шыңғырған,
Далаға тарап тұр сұмдық мұң.
Жігерін шыдатпай құм қылған,
Жас толы көзін-ай мұңлықтың.
Кеудесін толтырып зар-мұңға,
Қимасы қасқырға бұйырды-ау.
Тәуелді тағының алдында,
Тілдей ме тағдырын қиындау?!
Білгенде қалар ма құтқарып,
Сорлатты-ау даланың іңірі.
Сыздаған желіннен сүт тамып,
Жібиді раңның түбірі.
Шыдатпай жан-жара ашылған,
Жануар шүмек боп бусанды.
Жанында сүйектер шашылған,
Иіскейді қансоқта жусанды.
Кер бие жүргендей түс көріп,
Қиналды-ау шөлсіз-ақ қаталап.
Қасиетің не деген күшті еді,
Дариға-ай, аналық махаббат!





Пікір жазу