15.08.2022
  136


Автор: Бауыржан Үсенов

МЫҢ БІР ТҮН

Бас қатырып, аяулым, есептеме,
Тәнімізді тербетсін төсек-кеме.
Көзіменен қарайық ессіздіктің
Толқын болып тулаған өсекке де,
Мың бір түнді, аяулым есептеме.
Жөніміз жоқ бап тілеп бұлданатын,
Ұмыт бәрін – қақпасын мұң қанатын.
Шаһризада емессің ертек айтқан,
Бағымыз да барымыз бір ғана түн.
Келгенімді кештетіп кісі, ел көрген,
Сен болмасаң, ойпатқа түсем бе өрден?
Мың ханшаға бермейтін кәнизегім,
Құшағыңа құлмын мен кісенделген.
Әр нәрсені айтамыз балаша біз,
Үздіккен үн, от-дене – тамаша аңыз.
Жұпар төсек, қара түн, ақ келіншек....
Ертегілер елінде адасамыз.
Кездесе алмай көп айлар бебеулеп ек,
Қызығына махаббат бөлеуде ерек.
Шағын ауыл Бағдаттай шаһар емес,
Торғай шырылдамастан жөнеу керек....
Міне, аттандым.... төбемде аспан көшкен,
Күрсінемін, көңілім астан-кестен.
Бозбалада, бірақ та, арман бар ма
Мың бір түнді бір түнде бастан кешкен?!





Пікір жазу