15.08.2022
  135


Автор: Бауыржан Үсенов

БАЙҒЫЗ

Түн бойына ұйқтаймыз аңдамай біз...
Сұңқ-сұңқ етіп жылайды жарда байғыз.
Зарла, байғыз, түн қойнын мұңға бөлеп,
Зарлады деп біз сені қарғамаймыз.
Сыбырлайды самалмен шашақты бақ,
Мүлгіп жатыр жантайып қасат қырат.
Шаңыраққа жамандық тілейді деп,
Енді сені қумаймын тас атқылап.
Жерден медет тілеген, айдан сенім,
Көрдей түнге тарайды жайған шерің.
Жарық сүйгіш жандар мен жануарлар
Жан дүниеңді түсінсін қайдан сенің?!
Саған бірі мойынын бұрады ма?
Мамыражай әлемнің құлағына
Сенің зарың түрпідей тиіп жатсын,
Сұңқылдаған сұрша құс, жыла, жыла!
Болмаса да айдының желкен керер,
Зарлырақ қып әніңді көркемдеп өр.
Жарық дүние қадірін ұғар ма екен
Күн астында күн көрген өр пенделер,
Күнге көзін алартқан көркеуделер?!
Салмасаң да әсем ән ел аңсаған,
Тыңдаймын да, басымды төмен салам.
Егіл-тегіл жылаған, байқұс – байғұз,
Түн бұлбұлы деген ат берем саған.
Жапалақ пен жарқанат –
Күн түндігі
Ашылғанша шарқ ұрар құлқын құлы.
Ай астында ақшаңқан жүріп жатыр
Әлдиімен байғыздың түн тірлігі.
Шілделіктер шырылдап мақтанды ұсақ...
Әупілдейді сақ төбет аттанды сап.
Сорың қайнап қалмасын, –
Қарақшы үкі
Сап еткенде қалыңнан сақпан құсап!





Пікір жазу