15.08.2022
  84


Автор: Бауыржан Үсенов

АРТЫҒАЛИДЫҢ АҚЫРҒЫ ЖЫРЫ


Тұлпар емен қуырған жер танабын,
Тағдыр, тағдыр, талмастың бер талабын.
Қайыстым ба салмақтан өзім салған,
Тұтқыны боп жатырмын емхананың.
Тастай батып жамбасқа төсек деген,
Ауыр шаншу ұрады қос өкпеден.
Қайтқан құстай барады көзімнен ұшып,
Қайран уақыт сауықтан бос өтпеген.
Бөлмелестің көреді бәрі бала,
Беріге де жүгіртіп, арыға да.
Көретінің ұйықтасаң жаман түстер,
Ал оянсаң ине мен дәрі ғана.
Өйтіп-бүйтіп күнді де кеш қыламыз,
Пікірталас, әңгіме, естіп аңыз.
“Көп қыдырып қыздармен суық тиген”,-
Деп әзілдеп қояды сестра қыз.
Деймін оған, “Салады бұл ағаң ән”,
Сосын дәрі ұйықтатар сұрап алам.
Құтқарушы періште секілденіп,
Көрінеді кейде ол мына маған.
Бақ тұр сыртта, ынтызар көктеміне,
Гүл тұр іште зәру боп оттегіне.
Ал мен болсам жатамын саяхаттап
Болашақ пен оралмас өткеніме.
Балалық жүр кетпеген бұла бастан,
Бақыт анау түлкідей тұра қашқан.
Арман шіркін алма емес албыраған,
Түсе салар топ етіп бір ағаштан.
Қайғы ойламас қамсыз шақ қайда қалған,
Күннен қиял іздейтін, айдан арман.
Дос таптым мен қаншама төңіректен,
Қас таптым мен қаншама айналамнан.
Жүретін көз таймастан мұзда берік,
Осал емес, қызығар қыз да көрік,
Есер көңіл, әйтсе де, елеуреген,
Ұрынарын білді ме құзға келіп.
Қайран жүрек төгетін жырға терді,
Боздайды кеп, сезе ме бір қатерді.
Ақыл айтқыш, достым-ау, мезгіл өткен
Енді менің түзейді кім қатемді.
Сыйлаған жоқ бұл науқас аз күн елес,
Мұны ешкім де қиялдап жазды демес.
Не көрінді жап-жас боп дей көрмеңдер,
Ақындардың барлығы Мәжнүн емес.
Сезім шіркін сергек-ақ жүрген еді,
Қинайды кеп, бүгін ой-түрме мені.
Не көрінді жап-жас боп дей көрмеңдер,
Сезінген соң айтам ғой бірдеңені.
Таланымен таласар қандай ұлан,
Алды қайғы досыңды шалғайынан,
Кейінірек бота өлең боздап жүрген
Көрсең егер,
Сипай сал маңдайынан.






Пікір жазу